Алланың разылығы – ата-ананың разылығында
Алланың разылығы – ата-ананың разылығында

«Туғаныңда қуанған

Дүние малын бұланған.

Аман болсын балам деп

Алладан медет сұраған.

Жәрдеміңе жараған

Қабағыңа қараған

Жолаушы болып кеткенде

Сағынып келген даладан» немесе

«Тар құрсағын кеңіткен

Тас емшегін жібіткен.

Ыңылдап жатып ауырсаң

Жарым жасын кеміткен.

Айналайын-ай дегені

Жан-жүйеңді еріткен,-деп Майлықожа жырау толғауына қосқан ата-анамыздың қадірін біліп жүрміз бе? Беймәлім тар әлемнен жарық дүниеге келгенде бізді бірінші болып бауырына басқан, Алланың берген ризығымен қоректендіріп өсірген, тәрбиелеген, оң мен солды, адал мен арамды да алғаш болып танытқан ата-ана болатын. Суық күнде пана болған, ыстық күнде сая болған да сол екі жан. Неліктен бізге бірінші болып құшақ жайған ата-анаға Құдайдың берген мейірімін жеткізе алмай жүрміз. Қоғамымыздағы орын алып жатқан жағдайларды сүзгіден өткізсек «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп тілеген әке-шешелеріміз әлі күнге тағдырдың тауқыметін тартып жүргенін байқаймыз. Солардың биографиясына бір сәт көңіл бөлсеңіз, жас күндері «Құдай жоқ!» деп ұрандаған, Ленин мен Дарвин жаққан атеистік алаудың жалындап тұрған кезге дөп келгенін көресіз. «Құдайсыздықтың» қамытын киген жетпіс жылда ажырасу былай тұрсын келіннің төркініне баруы сирек болған. Ата-ананың қолы жылы суға малынған мамыражай күндерді сол кездегі жас әкелер мен шешелер бүгінде қартайып, армандап жүр. Бастығының бетіне тура қарай алмайтын «батырлар» үйіне келгенде ата-анасын жекитінін, жұмысынан туындаған ызаны қарияларынан болмаса әйелінен, керісінше, әйел күйеуінен не ата-енесінен алып жүрген заманда өмір сүрудеміз. Мұндай көріністің куәсі немерелер болашақта қандай азамат болады? Осыны ойлайтын жас жоқ, оған сөзі өтетін кәрі жоқ деп көпке топырақ шаша алмаймын, әрине. Мен де аспаннан салбырап түспеген, қазақтың бір отбасынан, әке көрген, шеше көрген бала ретінде үлкендерге ақыл айтуым орынсыз болар. Сондықтан, өзім секілді жастарға айтарым бар. Сүттен ақ, судан таза жан емеспін, десе де білгенімді замандастарыма жеткізуді парызым деп білемін. Қазіргі қазақ жастары түгелдей дерлік Алла кім, Пайғамбар кім, дін деген не деген сұрақтарға мүдірмей жауап беретін жағдайда десем қателеспеймін. Алайда, өзіне ғана құлшылық етуді бұйырған Жаратушы Иеміздің қасиетті кітабы Құранда: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: “Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәхаметіңе бөлей көр!”,-де. Раббыларың іштеріңдегі нәрселерді жақсы біледі. Егер игілерден болсаңдар, негізінде Алла, бойсұнушыларды жарылқайды» (Исра сүресі 23-25 аяттар)-деген. Бұл аяттарды әке-шешенің жылуын көрмей жетім өскен адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.а.у) өз өсиеттерінде одан әрі қуаттайды. Сахабалардың ішіндегі аса зерегі, жас та болса исламды толық түсіне алған ғалым Жәбәл Муазұлын (Алла оған разы болсын) дін тарату мақсатымен сапарға шығарып тұрғанында Алла Елшісі (с.а.у.): «Әр намаздан кейін мына дұғаларды айтуды ешқашан ұмытпа!»-деп бірнеше дұғаларды айтады. Соның бірі – «Раббым! Мені және ата-анамды мүмин құлдарыңмен бірге есеп күнінде кешіріміңе бөлей гөр!» деген Ибраһим (а.с.) Пайғамбардың Құранда келген дұғасы екен. Таным-түйсігі сау адам бұдан ата-ананы Алла Тағаланың өзі қалай ардақтап қойғанын оңай байқайтыны анық.

      Халқымызда «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» деген дана сөз бар. Бүгінгінің бұзылған қоғамынан ара-тұра болса да «Пәленшенің баласы кезінде әке-шешесіне жасағанын өзіне қайтарып отыр» дегенді естіп қаламыз. Енді бір жиырма жылда бұндай жайттар ара-тұра емес әлем аралап кететін әңгіме болмай тұрғанда алдын алуымыз керек. Ата-бабамыздың айтқаны ақиқат екеніне еш күмән келтірмейміз. Дегенмен, кез келген перзент ертең маған балам қиянат жасайды деп қана ата-анасына құрмет көрсетпеуі тиіс. Алдымен оны Алланың бұйрығы, Пайғамбардың (с.а.у) әмірі деп жүрегіне сіңіре білсе абзал жандарының ақ батасын алып қалары анық. Сондай-ақ, кімде-кім Алланың ризалығын қаласа ардақты ата-анасын разы қылуы міндетті. Өйткені, Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у) заманында өмір сүрген Әлқама есімді жігіттің жан тапсыра алмай қиналуының негізгі себебі анасының реніші еді. Анасының кешірімінен кейін ғана бұл дүниеден баз кешкен Әлқаманың жағдайына куәгер сахабаларға Алла Елшісі (с.а.у): «Ата-аналарыңды разы етпейінше сендердің ешқайсыңның да намаз-оразаларыңды, зекет-садақаларыңды, жасаған ізгіліктер мен құлшылықтарыңды Алла қабыл етпейді. Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, ал ашуы – ата-ананың ашуында»,-деп ойланар өсиет айтады. Ананың жүрегі баласы дегенде елжіреп кететіндіктен олардың перзентінің кемшілігін кешіре қоюы оңай. Ал, талай жағдайды тарихта қалдырған әкенің қарғысы немесе реніші балаларын жақсылыққа апармаған. «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырындағы Төлегенге әкесінің разы болмай, теріс бата бергенін мысалға алсақ та жетіп жатыр. Мұны терең түсінген дана бабаларымыз «Әкенің қарғысы – оқ сияқты, ананың қарғысы – боқ сияқты» деп, әкені разы қылмау орны толмас өкінішке соқтыратынын ұрпағына бір-ақ ауыз сөзбен ұғындырған.

      Сөздің түйіні, «Әке-шешең ауру болса байлап бақ» деген текті халықтың бүгінгі ұрпағы ата-анасына «Қарттар үйінің» иісін де сездірмегенін, әрқашан жылы қабақ танытып, ризашылығына бөленіп өтуін бір Алладан тілеймін. Себебі, ең қымбат екі адамды төбесіне көтерген перзент қана қоғамға пайдалы болмақ. Қайсы бір бала ата-анасын риза қылған болса қадірін білген деп топшылармыз.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

Ермұрат НазарұлыЕрмұрат Назарұлы
4 жыл бұрын 5020
0 пікір
Блог туралы