«Қазақ елі» қазақ баласын таңқалдыра ала ма?
«Қазақ елі» қазақ баласын таңқалдыра ала ма?

 

     Мамырдың 19-ында отандық жаңа анимациялық фильм киносүйер көрерменге жол тартты. Алдымен Астананың «Сарыарқа» сауда-ойын орталығында тұңғыш тарихи толықметражды анимациялық фильмнің тұсауы кесілді. «Қазақ елі» аталған бұл фильмнің жарнамасы жыл басынан ғаламторды шарлап кеткені баршаға аян. Негізгі мақсаты балғын көрермендерді отансүйгіштікке баулу деп танылған фильмнің тұсаукесерінде кинозалы балаларға лық толы болды. Елорданың балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан бүлдіршіндер «Бэтмен» мен «Спайдерменді» ысырып қойып, Керей мен Жәнібектің ерлігіне тәнті болды. Фильмдегі олардың жастайынан жауынгерлікке тәрбиеленуі, қиын сынақтардан өтіп, қарт баһадүрден тәлім алуы жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді қалайтын ХХІ ғасырдың балаларына үлкен сабақ болғандай.

Жәудіреген жанарларды сүйсіндірген көркем туындыны ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырысымен «САҚ-дала» киностудиясы жасап шығарды. Ұзақ жылдан бері балаларды қысқаметражды қазақы мультфильмдермен тамсандырып келе жатқан Нуриддин Паттеев жетекшілік ететін шығармашылық ұжым тағы бір белесті бағындырды деуге әбден болады. Белгілі өнер майталманы Сағаділдә Үсібәлі сценариін жазған картинаның жасалуында 2-D, 3-D технологияларды пайдаланғанының өзін былай қойғанда, «Қазақ елін» тұтастай қазақ ұлтының азаматтары жасап шығаруын мақтанышпен айтуға болады. Әттеген-айлар да жоқ емес, әрине. Мұндай аса жауапты да салмақты туындыны сегіз айда мінсіз етіп жасап шығу қиынның қиыны. Мұны жақсы білетін анимациялық фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбековті әңгімеге тартқан болатынбыз.

Фильм режиссері - Батырхан Дәуренбеков-Фильмнің шамамен осылай болатынына сенімді едім. «Елу жылда ел жаңа» демекші, қазіргі балалар біз көріп өскен Кеңес Одағының мультфильмдерін көрмейді, оларды қызықтырмайды да. Біздің балаларымыз қимыл-қозғалысы, әсіресе, күлкі мен қалжыңға, қызыққа толы бейнелерді ғана қабылдап өсіп келе жатыр. Үш-төрт минут сайын қызықты сәттер болмаса баланың жанары жалығып кететінін өзіңіз де жақсы білесіз. Ал, Елбасымыздың тапсырмасы қазіргі бүлдіршіндерге, жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру, сол жолда жұмыс істеу болса, біздің жасаған «Қазақ елі» фильмінен балалар тарихи мағлұмат алып, Отанды сүю, батырлық, білімді болу, әділ болу дегеннің не екенін түсіне алады деп зор сеніммен айта аламын. Әрине, бұл мұнымен шектелмей жалғасын тауып жатса қуанар едік. Өйткені, тарихымызды қарап отырсақ, Қазақ хандығы құрылғалы бері халқымыздан 36 хан шығыпты.

Соның төрт-бесеуі, мәселен, Тәуке хан, Қасым хандарды нағыз тұлға ретінде көремін. Егер мемлекет тарапынан қолдау болып жатса елді әділ басқарған хан-сұлтандарымыз жайында әлі де мультфильмдерді жарыққа шығарамыз,-дейді Б.Дәуренбеков.

МЕРЕКЕЛІК ДАТАЛАРҒА ҮЛГЕРТУГЕ ТЫРЫСТЫҚ

      Бар-жоғы сегіз ай уақытта, аниматорлардың студияда қонып жасаған картинаның ерекшеліктеріне режиссер былай тоқталды:

-«Қазақ елін» көрген бала бір кітапты ақтарып жатпай-ақ, екі сұраққа нақты жауап бере алатын болады. Біріншісі – Қазақ хандығын Керей мен Жәнібектің құрғандығын, екіншісі – олардың сол жолда жауынгерлік әдістерді үйреніп, білім алып, білекті бірді, білімді мыңды жығатынын түсінгендігі. Яғни, оларға ел тізгінін ұстаудың оңайға соқпағандығын балғын көрерменге баланың тілімен жеткізе алдық деп ойлаймын. Фильм сценариіне Дулат Исабеков ағамыздың өзі ақыл-кеңесін айтып, балалардың көкейіне жететіндей етіп сүзгіден өткізсе, тарихи оқиғаларына Жамбыл Артықбаев талдау жасап, жол көрсетті.

      Фильмнің бір өткір тұсы қарт баһадүрдің жас сұлтандарды Отырарға апарып ұстаздан білім алғызуы. Сонда біз ұстаздың аузына «Нағыз білімді адам ғана елін әділдікпен басқара алады» деген сөзді салып бердік. Бұдан кейін балалар ел басқару үшін, сондай-ақ, аз жауынгермен сан мыңдаған қол жауды білекпен емес, біліммен, айла-амалмен жеңу керектігін түсінеді деп ойлаймын. Оның бәрін қимыл-қозғалысы бар жанды дәлелдермен бере алдық. Сондай-ақ, өзіміздің тарихи қалаларымызды көрсете отырып, сол жерлерден шыққан ұлы ғұламалырымызды, еңбектерінің атауларын ұстаздың сөзіне қостық. Бұл айтыла-айтыла баланың миына құйыла беретін жақсы мәліметтер деп есептеймін. Яғни, әлі қалам ұстап, әріп танымаған немесе тарих пәнін оқуға жасы келмеген бүлдіршіндер «Қазақ елін» бір-екі көргеннен Керей кім, Жәнібек кім, әл-Фараби кім, бәрін біліп отырмақ. Және де «Қарақшылар оқиғасын» қостық. Тарихымызға көз салсақ, Ұлы Жібек жолы бойында кезінде қарақшылар болған. Міне, солардың қолынан тұтқындарды бала Жәнібек пен Керей қарт батырдың көмегімен құтқарып алады. Ол жерде балаға тән қызығушылық, «Мен өмірімде қарақшыларды көрмеппін» дегендей сөз айтып, ар жағында ержүректігінің байқалуы жас көрерменді өзіне елітіп әкетеді.       

       Анимациялық фильмді жасауда қандай да бір қиындықтар кездесті ме деген сұрағымызға режиссер:

-Уақыт жағынан ғана қиындық болды. Аниматор жігіттерден сұрасаңыз да болады, олар күндіз-түні студияға қонып, тамағын да сол жерден ішіп сегіз-тоғыз айдай үздіксіз жұмыс жасады. Өйткені, біз мынау мерекелік даталарға

Қазақ хандығының 550 жылдығы, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойларына үлгеру керек деп жылдам жасап шықтық. Әйтпесе, әлемдік деңгейдегі мұндай анимациялық фильмдер кемінде екі жыл жасалады. Мәселен, «Ер Төстігіміздің» өзі екі жарым жылда жасалып шықты. Тіпті, «Walt Disney», көрші Ресей аниматорларының да туындылары екі жылда жасалып бітеді,-деп жауап берді.

      Біз де фильмнің аз-маз кемшіліктеріне асығыстықтың салдарынан жол берілді деп есептедік. Бірақ, үлкеннің көзі көрген кем-кетікті балалар көрмей, жүректеріне жақын қабылдап жатса нұр үстіне нұр болар еді. Балғын көрермендеріміз бір көргеннен қабылдар, ал шетелдің «Ниндзя тасбақаларын» қайталап көргендей екі-үш, тіпті, он рет жалықпай және әр тамашалаған сайын таңқалып қарар ма екен, оны уақыт көрсетеді.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

  

фильм, кино
Ермұрат НазарұлыЕрмұрат Назарұлы
4 жыл бұрын 18249
1 пікір
  • Балаларыммен бірге тамашаладык. Ұнады балаларыма да, өзіме де. Керемет! Осылай қазақ мультиктері көптеп шыкса екен.
    4 жыл бұрын
Блог туралы